Маңғыстауда адам папиломасы вирусына қарсы екпені 153 жасөпірім қыз салдырды

АҚТАУ. KAZINFORM – Аймақта егу шаралары 30-қыркүйектен бастап барлық мектептерде жүргізіліп жатыр. Бүгінде 153 қыз балаға вакцина салынды. Оның 92-сі 11 жаста, 32-сі 12 жаста, 29-ы 13 жастағы қыздар. Екпе жасөспірімдердің ата-аналарының келісімімен салынған. Мамандардың айтуынша, вакцинадан кейін жасөспірімдердің жағдайы жақсы.

Адам папиломасы вирусына қарсы вакцина
Фото: Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

— Біз бүгін 6-сыныпта оқитын қызыма екпе салдыруға келдік. Бұл вакцина «жатыр мойны обырының» және басқа да адам папиломасы вирусы арқылы пайда болатын қатерлі дерттердің алдын-алуға көмектеседі. Менің ойымша, алдын алу шарасын жүргізген дұрыс. Біз балаларымыздың денсаулығын жастайынан ойлауымыз қажет, — дейді ата-аналардың бірі Жанель Рысқалиева.

Адам папиломасы вирусына қарсы вакцина
Фото: Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

Мамандардың мәліметінше, қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайлары тіркеліп отыр. Бір жылда 600-ден астам әйел осы аурудан көз жұмады. Елімізде жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасындағы сүт безінің обырынан кейінгі кең таралған қатерлі ауру.

Адам папиломасы вирусына қарсы вакцина
Фото: Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

— Адам папилломасы вирусы — терінің және дененің әр түрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы. Оның кей түрлері емделмеген жағдайда 10-15 жылда жатыр мойны ісігіне әкеледі, - дейді Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Гулшат Шорбасова.

Бұған дейін, Ақтаудың іргесінде картаға кірмеген аты жоқ ауыл барын жазған болатынбыз.