Маңғыстауда Ақтау – Бекет ата бағытында жаңа туристік маршрут ашылды

АҚТАУ. KAZINFORM – Бүгін Маңғыстау облысында «Ақтау – Бекет ата – Ақтау» бағытындағы жаңа туристік маршруттың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шарада облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай алғашқы сапарға шыққан жолаушыларға сәттілік тіледі. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жаңа туристік маршрут ашылды
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

— Бүгін қасиетті мекенге апаратын жаңа туристік маршрутты іске қосып отырмыз. Бекет ата мешіті — рухани құндылықтарымыздың алтын қазығы. Бұл жоба Маңғыстау өңірінде тарихи-мәдени туризмді дамытуға және қасиетті мекендерге қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Баршаңызға сәтті сапар тілеймін! — деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Жаңа туристік маршрут ашылды
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жаңа бағыт аясында туристік автобус аптасына жеті күн бойы үздіксіз қызмет көрсетеді. Жолаушыларды тасымалдау үшін сыйымдылығы 51 орындық, жайлы және заманауи Yutong маркалы автобустар пайдаланылады. Автобустарда сапардың ұзақтығын ескере отырып, санитарлық торап (дәретхана) қарастырылған.

Жаңа туристік маршрут ашылды
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Маршруттың бастапқы нүктесі — Ақтау қаласының 26-шағынауданында орналасқан облыстық орталық «Бекет ата» мешіті жанындағы автотұрақ. Автобус таңғы сағат 07:00–де жолға шығып, Оғыландыдағы «Бекет ата» мешітіне жеткізеді. Қайтар уақыт сол күнгі кешкі сағат 17:00–ге белгіленген.

Жаңа туристік маршрут ашылды
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Туристік бағытқа билет құны ересектер үшін бір бағытқа — 1500 теңге, ал 7-18 жас аралығындағы балалар үшін — 750 теңге.

Жаңа туристік маршрут ашылды
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жолаушылар тасымалын ұйымдастырушы — «Caspian Trans Corporation» ЖШС.

Жаңа туристік маршрут ашылды
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бұған дейін хабарланғандай, Олжас Бектенов Маңғыстау облысында субсидияланатын ішкі авиарейстерді ұлғайтуды тапсырған еді.

 

Соңғы жаңалықтар