Маңғыстауда алдағы екі жылда 27 мектеп қолданысқа беріледі

Маңғыстау облысында алдағы екі жылда 28100 орындық 27 мектеп қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform.

мектеп
Фото: Маңғыстау облыстық Білім басқармасы

Маңғыстауда білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 4800 орындық 4 мектептің құрылысы мен жер қойнауын пайдаланушы инвестордың есебінен 1300 орындық 2 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі жылға жоспарланған 22 000 орындық 21 мектептің биыл 13-нің конкурстары өтіп, құрылыс жұмыстары басталды.

мектеп
Фото: Маңғыстау облыстық Білім басқармасы

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 3 ауылдық мектеп материалдық жағынан күшейтіліп, 2022-2023 жылдары 150 мектепке жыл сайынғы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, 95 мектепке 225 физика, химия, биология, STEM кабинеттері сатып алынды. Биыл 1-4 сыныптардың және аз қамтылған отбасылардың оқушылары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылды. Өңірде барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау камераларымен қамтылды және полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Сонымен қатар соңғы үш жылда барлығы 63 мектеп жаңғыртылды», — деді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.

мектеп
Фото: Маңғыстау облыстық Білім басқармасы

Ал биыл мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша 3 061 орын іске қосылған. Қазіргі таңда 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамту көрсеткіші 88,8%-ды құрайды. Сонымен қатар 2023 жылы Ақтау қаласында 1500 балаға арналған оқушылар сарайының құрылысы аяқталып, соңғы үш жылда 2 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, 1 арнайы балабақша ашылған.