Маңғыстауда Алғыс айту күніне орай 10 мыңға жуық іс-шара өтеді

Маңғыстауда Алғыс айту күніне орай 10 мыңға жуық іс-шара өтеді
Фото: Александр Павский/Kazinform

АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстау облысында  29 ақпан мен 3 наурыз аралығында Алғыс айту күніне орай 10 мыңға жуық іс-шара өтеді.

Мұндағы басты мақсат – мейірімділік, достық, ризашылық, азаматтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін, адами құндылықтарын қоғамда ілгерілету арқылы қазақстандық бірегейлік пен халық бірлігін дамыту және нығайтуға бағытталған.

Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Әбдіқадыровтың айтуынша, мерекеге орай «Қайырымдылық керуені» ҚХА республикалық акциясы аясында «Наурыз қоржыны» сыйға беріледі. Сондай-ақ Қазақстанда туып, тарихи Отанына қайта оралған этнос өкілдерін белсенді қатыстыра отырып, ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, білім беру және басқа да мекемелерде алғыс тақырыбына арналған «Тарих ғибраты» сабақтарының онкүндігі іс-шаралары ұйымдастырылады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы туралы «Халықтың алғысы – Ұлы марапат» атты бұқаралық театрландырылған қойылымдар мен театрландырылған көріністер, «Болашаққа бірге!» флеш-мобтары, кітаптар, мұрағат материалдары, фотосуреттер көрмелері, «Алғыс айту – парызың» мектеп оқушылары арасында шығармалар байқауы өтеді. Сонымен қоса, «Қазақстан – бақыт мекені» атты Қазақстан этностары туралы бейнероликтер мен деректі кинолар фестивалі, «Туған жерім – жүрегімде!» атауымен шетелде тұратын қазақстандықтардың онлайн-құттықтаулары, әлеуметтік желілердегі беттеріндегі марафон, «Шаңырақ» этносаралық қатынастар саласындағы азаматтар арасындағы үздік бейнероликтерге шығармашылық байқауы басталады. Еліміздің, өңірдің дамуына үлес қосқан түрлі кәсіп өкілдерінің алғыс айту бейнероликтері де көрсетілетін болады», - деді Бауыржан Әбдіқадыров.

Атаулы күнге орай бұқаралық іс-шаралар қалалық алаң, саябақтарда, Достық үйінде өткізіледі. Облыстық қоғамдық келісім орталығының Аманкүл Жайылханова мерекенің жаңашылдығын алға тартты.

«Биылғы Алғыс айту күнінің ерекшелігі - «Арайлы Атамекенім» челленджі. Мақсаты – ортақ тарихи жады, барлық қазақстандықтар арасындағы бейбітшілік пен келісім негізінде Қазақстан халқының бірлігі мен қазақстандық бірегейлікті нығайту, патриотизмге, жауапкершілікке және рухани дамуға, адамдарға және қоршаған ортаға жақсы қарым-қатынас орнатуға тәрбиелеу. Аталған челленджге еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қатыса алады. Қатысушылар өздерінің қызықты оқиғаларымен, сонымен қатар туған жерге деген сүйіспеншілігі мен мәдени ерекшеліктері, дәстүрі мен құндылықтары, қоғамдағы бірлік пен келісім туралы ой-пікірімен бөлісіп, алғысын білдіреді. Құттықтау мен алғыс сөзінен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің фонында Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындау керек», - деді Аманкүл Жайылханова.

Соңғы жаңалықтар