Маңғыстауда аяқ-қолының ақауы бар 15 балаға ресейлік дәрігерлер ота жасады
АҚТАУ. KAZINFORM - Ақтауға Санкт-Петербург қаласының балалар травматолог-ортопед дәрігері, профессор Игорь Шведченко және балалар дәрігері травматолог-ортопед Андрей Кольцов келді.
Ресейлік дәрігерлер өңірдің ортопед-хирургтартарымен бірге аяқ-қолдарының әртүрлі даму ақаулары бар, оның ішінде артрогрипоз, туабітті пайда болған аурулар, саусақтарының туабіткен кемістігі, саусақтары бір-біріне жабысып туған немесе саусақтары алшақ болып туған балаларға, қолдарының қисық бітуі, тізе-буын, аяқ басының қисаюы сырқаты бар бүлдіршіндерге көмек көрсетіп жатыр.

Сонымен қатар, балаларда «қол мен аяқтың туа біткен ақауы» болған кезде операциялық емдеу әдістері» бойынша маңғыстаулық дәрігерлердің білімін жетілдіріп, тәжірибелерін арттыру мақсатында шеберлік сабақтарын өткізуде, Оған Маңғыстау өңірі ғана емес, өзге де облыстардан осы саланың дәрігер-хирургтары қатысуда.
- Осындай шеберлік сабағының әрқайсысы жергілікті дәрігерлердің кәсіби деңгейін көтеруді көздейді. Мұндай мүмкіндікті ұсынған “BI Жұлдызай” қайырымдылық қорына көп-көп рахмет айтамыз. Ғалымдардың тәжірибесі, олардың ашқан жаңалықтары, операцияның жаңа әдістері бізге үнемі қажет», - деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының хирург-травматолог дәрігері Құрман Қайранов.
Айта кетейік, ресейлік дәрігерлер Ақтауға көрші өңірлерден келген науқас балаларға да ота жасап жатыр.