Маңғыстауда балықтан уланған төрт адам жансақтау бөліміне түсті
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында үй жағдайында ысталған балықты тұтынған үш ересек адам мен бала ауыр халде ауруханаға түсті. Науқастардың барлығына ботулизм диагнозына күдік қойылып, жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс эпидемиологы Марал Қадырдың мәліметінше, үш ересек адам Мұнайлы ауданынан облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Сондай-ақ 9 жас 10 айлық бала облыстық балалар көпбейінді ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, улануға үй жағдайында дайындалған суық ысталған балық себеп болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, балық ұзақ уақыт бойы тоңазытқышта сақталған. Зардап шеккендердің барлығы оны 17 қыркүйек күні кешкі сағат 20:00–21:00 аралығында отбасылық жиын кезінде тұтынған.
Аурудың алғашқы белгілері 18 қыркүйек кешке байқалған. Науқастар 19 қыркүйекте медициналық көмекке жүгінген.
— Үй жағдайында науқастардың бірнеше рет жүрегі айнып, құсуы байқалған. Ауруханаға түскеннен кейін олардың жағдайы ауыр деп бағаланды. Негізгі белгілерінің қатарында әлсіздік, бас айналу, жұтынудың және көрудің бұзылуы, тамақтың құрғауы, көздің бұлдырауы мен қосарланып көруі, сондай-ақ сана бұзылыстары бар, — дейді Марал Қадыр.
Қазір барлық науқас ауыр жағдайда жатыр. Оларға қарқынды дезинтоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізіліп, арнайы ботулизмге қарсы сарысу енгізілген.Денсаулық сақтау мамандары тұрғындарды азық-түлік қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады.
Әсіресе тез бұзылатын өнімдерді үй жағдайында дайындау мен сақтау кезінде санитариялық талаптарды қатаң сақтауға кеңес берді.
Бұған дейін, Қандыағаштағы жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қысқартылған болатын.