Маңғыстауда биыл еңбек дауына қатысты 6 ереуіл ғана болған
Маңғыстау облысында ереуілдер 87,2% төмендеген. Былтыр 47 еңбек дауы болса, биыл алтауы тіркелген, деп хабарлайды Kazinform.
Прокуратура осы жылы еңбек қатынастары бойынша 5 тексеру мен 21 талдау жүргізген.
Бес мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалып, 245 млн теңге өндірілген.
Оның ішінде жалақы берешегі 128 млн теңгеге жеткен.
— Прокуратура еңбек қатынастары саласындағы заңдылықтың жай-күйін, оның ішінде жанжал әлеуеті әсеріне тұрақты талдау жүргізеді. Өзара іс-қимылды күшейту мақсатында биыл прокуратура, әкімдік, «ҚазМұнайГаз» компаниясы және кәсіподақ орталығы арасында меморандум жасалды. Біздің бастамамызбен «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес ұйымдарында 100-ден астам ұзақмерзімді келісімшарт жасалды. Біздің өңірдің ерекшелігін ескере отырып, жұмыскерлердің құқығын қорғау және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі прокуратура органдарының тұрақты бақылауында, — деді Маңғыстау облыстық прокуратурасының бөлім басшысы Қожамұхамед Ағишанов.