Маңғыстауда биыл спорт мектеп-интернатын ашу көзделіп отыр
АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстау облысында спорт саласын дамыту жұмыстары уақытпен бірге шешімін тауып келеді. Дегенмен өңірде аталған бағытта шешімін күтіп отырған мәселелер де кезегін күтіп тұр. Осы орайда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқашпен Kazinform тілшісі арнайы сұхбаттасты. Басқарма басшысы биыл өңірде бірқатар маңызды мәселелер шешімін табатынын атап, сауалдарға жауап берді.
- Маңғыстау облысында мұз сарайын салу туралы жұмыстар кезінде қолға алынған еді. Кейін бұл бағыттағы шаруа тоқтап қалды? Алда бұл кешенді салу жоспарда бар ма?
- Өңірдің дене шынықтыру және спорт басқармасы 2018 жылы «Ақтау қаласында мұз сарайын» салу туралы мемлекеттік жекешелік әріптестік арқылы «Н+НTECHNIKA, spol s.r.o» Чехия және Словакия республикаларының компаниясымен келісім жасақтаған. Алайда жеке әріптес тарапынан шарттың алдын ала талаптарының орындалмауына байланысты және тағы басқа бірнеше себептермен аяқсыз қалып отырды. Жаплы, бұл ғимаратты соңына дейін салып бітіруге басқарма тарапы толық мүдделі. Сол себепті келіссөздер қайта жанданып, қосымша жасақталған келісім-шарт негізінде ғимараттың құрылысын 2024 жылдың соңына дейін бітіру жоспарда бар.
- Ақтаулық «Каспий» ФК биыл ел чемпионатынан бірінші лигаға қайта оралды. Клуб үшін Қазақстан чемпионатында жағдайды жақсартуға не жетіспеді? Бөлінген қаржы аздық етті ме? Биыл клуб төменгі лигада ойнауына байланысты жылдағы қаржы көлемі қысқара ма?
- Былтыр «Каспий» ФК Премьер лигада болған уақытта клубқа бөлінген қаражат 2 млрд 1 млн теңгені құрады. Ал биыл Бірінші лигада ойнауына байланысты клубқа 1 млрд. 200 млн. теңге көлеміндегі қаржы қарастырылып отыр.
Жалпы «Каспийдің» сәтсіз өнер көрсетуіне бірнеше себеп бар. Мысалы, 2023 жылы клубтың қаржысының дұрыс жұмсалмауы, ойыншылардың дұрыс таңдалмауы, бапкерлердің жиі ауысуы себеп болып отыр.
- Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының спортшылары Олимпиада Ойындарына тек параспорт бойынша ғана жолдама иеленді. Төртжылдықтың басты ойындарына дейін маңғыстаулық спортшылардың жолдама алу мақсатында қандай болжам бар?
- Шынында өңір спортының нәтижесі жылдан жылға төмендеп келе жатқанын байқаймыз. Ашығын айтсақ, республикада былтыр өткен жазғы спартакиадада олимпиадалық спорт түрлері бойынша 19-орыннан көрінсек, ал Азия ойындарының нәтижесі бойынша 18 орыннан көтеріле алмадық. Париждегі Жазғы Олимпиада Ойындарына көп уақыт қалған жоқ. Лицензиялық турнирлер тәмам болады. Алайда өңірімізде әлі күнге дейін олимпиадаға жолдама алған спортшы жоқ. Қазіргі таңда велоспорттан Сергей Понамарев және еркін күрестен Майис Алиевтің лицензиялық турнирлерде үмітті ақтайды деген сенімдеміз. Қазіргі таңда параспортшыларымыздың ғана жетістіктері көңіл қуантады. Өздеріңізге мәлім, Параазия ойындарында біздің өңірімізден 3 спортшы қатысып, 1 жерлесіміз отырып ойнау волейболынан күміс медальға ие болды. Осылайша, бізде Париж олимпиадасына 1 ғана жолдама бар.
- Маңғыстау облысында өзге өңірлердегідей спорттағы дарынды балаларға арналдарға мектеп-интернат жоқ. Алда Ақтауда осындай білім ордасын ашу қажеттілігі туындап отырған жоқ па?
- Соңғы бес жылда спорттағы жетістіктер бойынша Маңғыстау облысының көрсеткіші республикада төменгі сатыға тұрақтауы спорт саласындағы қордаланып, шешімін таппай келе жатқан проблемалардың бар екенін және мәселелердің түйінін шешуге бағытталған жоспарлар қажет екенін аңғартып отыр. Солардың ішіндегі ес басты қажеттілік - спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжін ашу. Республика бойынша осындай 20 мектеп-интернат бар. Мұндай спорттық мекеме тек қана Қостанай, жаңадан құрылған Абай, Ұлытау облыстарында және біздің өңірімізде ғана жоқ. Спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжін ашу – халықаралық және республикалық деңгейдегі жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізу деген сөз.
Мәселен, былтырғы Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрама командасының атынан 523 спортшы қатысты. Оның 139-ы осындай мектеп интернаттардан түлеген спортшылар. Осы додада еліміз 80 медаль алды, солардың 55-і, яғни, 69 пайызы осы ұжымдардың түлектеріне тиесілі болғанын баса айтқым келеді. Сондай-ақ, бұл – өңірдегі жастар мен ересек спортшылардың резервін қалыптастыру мүмкіндігі болмақ. Сонымен бірге, бұл шалғайда жатқан аудан мен қалалардағы дарынды балалардың үздіксіз спортпен айналысуын қамтамасыз етер еді.
- Жалпы, Ақтауда стадионның мәселесі жиі айтылады. Қаладағы «Мұнайшы» стадионы көп жағдайда талапқа сай келе бермейтінін жанкүйерлер де айтып жүр. Мұнайлы қалада жаңа стадион қашан салынады?
- Жаңа стадион салу туралы нақты шешім жоқ. Себебі бүгінгі күннің бірінші мәселесі - «Каспий» футбол клубының пайда болған әр түрлі қарыздарын өтеу. Атап айтқанда шетелдік ойыншыларға, мемлекеттік салыққа және әртүрлі бағыттағы (займ, өнім алушылар) 1 млрд 75 млн теңге қарызы анықталып отыр. Сондықтан бірінші кезекте басқарма тарапынан қарыздарды өтеуге және қолданыстағы «Жас қанат» спорт кешеніндегі стадионына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бар ғимараттың мүмкіндіктерін пайдаланамыз. Одан бөлек олимпиадалық спорт түрлерінің дамуына қажетті ғимараттарды салуға ден қойылу керек. Мықты олимпиадалық резервті қалыптастыру үшін - «Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне» арналған ғимаратпен қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселелердің бірі.
- Маңғыстау облысында спортты дамыту бойынша қандай кешенді жоспар бар? Ол қалай жүзеге асырылады?
- Өздеріңіз байқап отырғандай, жоғарыда аталған спорттық нәтижелер кешенді, нақты, кей жағдайда батыл шешімдер қабылдауды қажет етеді. Осыған орай, біз бірқатар бастаманы қолға алуды көздеп отырмыз. Ол үшін басқарма тарапынан 5 жылға сараптама жасалды. Үлкен талдау жұмыстарын жүргізіп, өңір спортын дамытуға қажетті басты мекемелерді құру жұмыстары басталды. Облыс әкімі өңірдегі жастар мен ересек спортшылардың резервін қалыптастыру, халықаралық және республикалық денгейдегі жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізу мақсатында 2024 жылғы 1 сәуірге дейінгі мерзімде «Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» және «Спортты дамыту дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемелерін құру бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, 2024 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін ашу бойынша үздік тәжірибесін өңірге еңгізу үшін қажетті шараларды қабылдау тапсырылды. Алға қойылған бірқатар жоспарлар қатарында бәсекелестік ортаны қалыптастыру үшін спорт түрлерін жүйелендіру басталды. Спорт түрлерін жүйелендіру облыстағы әр түрлі спорт түрлері орналасқан мекемелерден мамандандырылған бір спорт мекемесіне жұмылдыру арқылы, спорт түрлерін сапасын жақсартуға бағытталған жоспар. Заң жүзінде спорт үйірмелер бір орталыққа біріктіріледі. Алайда жаттығу орындары өзгермейді. Келесі саланың кадрлық әлеуетін арттыру маңызды бағыт. Сапалы, білікті әрі тыңғылықты іріктелген кадрлық құрам – жоғары нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндік береді. Осыған байланысты осы жылдың аяғына дейін жаттықтырушылар құрамының біліктілігін кезең кезеңімен арттыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, осы жылы спорт мекемелерінің басшылары аттестациядан өтетін болады. Себебі спорттық нәтижелердің жақсы болуы білікті менеджментке тәуелді.
- Маңғыстау облысында қанша спорт секциясы жұмыс істейді? Оның ішінде қандай спорт түрлері қамтылған?
- 105 спорт түрі бойынша 3000-ға жуық спорт секция жұмыс істейді. Оның ішінде жазғы олимпиадалық және олимпиадалық емес, қысқы олимпиадалық спорт түрлері, ұлттық спорт, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт түрлері қамтылған. Маңғыстауда спортпен 321 729 адам шұғылданады. Облыста 33 спорт мекемесі жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдердің 22 спорт мектебі, 7 спорт клубы, 2 жоғары спорт шеберлігі мектебі, 1 олимпиадаға даярлау орталығы және 1 ұлттық спорт орталығы жұмыс атқарады. Ауылдық жерлерде БЖСМ-нің санын көбейту мақсатында былтыр Теңге ауылы және Бейнеу ауданында 2 БЖСМ ашылды. Осы орталықтарда облыс бойынша 19 981 спортшы шұғылданады. Спорт саласындағы жеке кәсіпкерлік бастамаларға да қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылдан бері жергілікті бюджеттен жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда осы бастаманың аясында жеке кәсіпкердің өтінімі расталып, 24 спорт түрінен 701 спорт секциясы ашылды. Нәтижесінде қосымша 10 516 бала спортпен қамтылғанын атап өткен жөн.