Маңғыстауда білім беру ұйымдары ертеңнен бастап дәстүрлі форматқа оралады
Маңғыстау облысының білім беру ұйымдары 24 қарашадан бастап дәстүрлі оқыту форматына оралады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Клара Құлатаева мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
- Маңғыстауда 22-23 қараша күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақтау қаласы, Бейнеу ауданы мектептері түгел және Түпқараған ауданы ішінара онлайн форматта жұмыс жасады. Қалған аудан, қалаларда сабақ дәстүрлі форматта өтті. Бүгін 23 қараша күні «Казгидромет» кәсіпорны Маңғыстау облыстық филиалының ескерту хатына сәйкес облыстың басым бөлігінде екпіні 15-20 м/с жел күтілуіне байланысты Ақтау қаласындағы 53 мектептің 43-і онлайн, 10 мектеп оффлайн форматта, Түпқараған ауданында 9 мектептің бастауыш сыныптары онлайн, қалған аудан, қаланың оқушылары түгел дәстүрлі форматта сабақты бастады. Ауа райының күрт өзгеруіне орай, түстен кейін Жаңаөзен қаласының барлық мектептері қашықтықтан оқытуға көшіріледі, -деді Клара Құлатаева.
24 қараша күні өңірде барлық қалалар мен аудандарда сабақ дәстүрлі форматта өтеді.