Маңғыстауда апта ішінде жиырмадан астам өрт оқиғасы тіркелді
АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстауда 29 қаңтар мен 4 ақпан аралығында облыстық ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлімшелері дабыл бойынша 24 оқиғаға қатысты.

Өңірдің ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, бір апта ішінде 6 өрт, 8 жану жағдайлары, 10 рет құтқару жұмыстары тіркелген.
04.02.2024 ж. күні Жаңаөзен қаласында өндірістің аймақтағы «ҚазМұнайГаз» АҚ-на қарасты №93 топтық қондырғының №4774 ұңғымасында шұңқыр ішіндегі мұнай қалдықтарының өртенуі тіркелді. Оқыс жағдайдан зардап шеккендер жоқ.
04.02.2024 ж. күні кешкі уақытта Бейнеу ауданының орталығында М.Мәметова көшесіндегі үй ауласындағы 2 бөлмелі сарайдан өрт шықты. Жалын жалпы ауданы 40 ш/м шарпып, соның салдарынан сарайға жапсарлана салынған көрші үйдің гаражының шатыры жартылай жанып кетті. Жанған аумақ 16 ш/м қамтып, зардап шеккендер тіркелмеді.
04.02.2024 ж., кешке Қарақия ауданының Жетібай ауылында Жаңақұрылыс көшесінде 9 бөлмелі үйдің бір бөлмесін отқа оранды. 6 ш/м аумақ жанып, жалпы ауданы 252 ш/м-ге таралды. Өрттен зардап шеккендер жоқ.
Осы орайда Өрт сөндірушілер қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертіп отыр.
- сөндірілмеген темекілер мен сіріңкелерді қалдырмауға;
- электр сымдары мен аспаптарының жарамдылығын қадағалау;
- электр желілерін шамадан тыс жүктемеу;
- тек жарамды электр және газ жабдықтарын пайдалану;
- балаларды қараусыз қалдырмау.