Маңғыстауда браконьерлердің ауына түскен өлі итбалықтар табылды

АҚТАУ. KAZINFORM – Қызыл кітапқа енген итбалықтардың өлекселері Құлалы аралы аумағындағы теңізден шығарылған. Браконьерлердің заңсыз қойған ауына 7 итбалық пен 4 бекіре тұқымдас балық түскен. 

Маңғыстауда браконьерлердің ауына түскен өлі итбалықтар табылды
Фото: видеодан алынған скрин

Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасы Түпқараған аудандық бөлімінің бас маманы Андрей Руцкийдің айтуынша, аталған аумақта «Бекіре — 2025» алдын-алу шарасы аясында рейдттік тексеру жүргізілген. Нәтижесінде заңсыз аулау дерегі анықталды. 

— Рейдттік тексеру сәуірдің 5-і күні жүргізілді. Құлалы аралынан шамамен 2 шақырымдай жерде оңтүстік бөлігінде, белгісіз адамдар қойып кеткен бекіре тұқымдас балықтарды аулауға арналған ау табылды. Оны судан алған кезде Қызыл кітапқа енген 7 Каспий итбалығы мен 4 бекіре тұқымдас балық шықты. Олар жартылай шіріген, - дейді бас маман. 

Тәркіленген теңіз жануарлары мен заттай айғақтар жағаға жеткізіліп, Қызыл кітапқа енген итбалықтардың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғау үшін, құқық қорғау органдарына тапсырылған. 

Бұған дейін итбалықтарға жоғарыдан барлау жұмыстары жүргізілгені туралы жазған болатын едік. 

Соңғы жаңалықтар