Маңғыстауда елді 650 миллион теңгеге алдаған тұрғын ұсталды
АҚТАУ. KAZINFORM - Ақтауда 33 жастағы қала тұрғынын ІІБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері қамауға алды.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қолға түскен күдікті қаланың 17 шағынауданда салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй кешендерінің біріндегі пәтерлерді заңсыз сатумен айналысқаны анықталып отыр.
"Күдікті 650 млн теңгені алаяқтық жолмен жымқырған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды", - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.