Маңғыстауда электронды бақылаудағы сотталғандар 150 реттен астам заң бұзған

АҚТАУ. KAZINFORM — Жыл басынан бері Маңғыстау облысында электрондық бақылауда жүрген сотталғандар тарапынан 150-ден астам құқық бұзушылық тіркелді. Тәртіп бұзғандардың бірі 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынса, тағы екеуі сот шешімімен бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді.

Маңғыстауда электронды бақылаудағы сотталғандар 150 реттен астам заң бұзған
Фото: Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметінде 900-ден астам сотталған есепте тұр. Олардың бір бөлігіне сот белгілеген шектеулердің сақталуын бақылау үшін электрондық білезіктер тағылған.

Бұл құрылғылар сотталғандардың жүріс-тұрысын бақылауға және белгіленген талаптардың бұзылуын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Пробация қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері 150-ден астам құқық бұзушылық анықталған. Олардың қатарында белгіленген уақытта тұрғылықты жерінде болмау, тиісті рұқсатсыз белгіленген аумақтан шығу, әкімшілік құқық бұзушылық жасау және электрондық білезіктерді қасақана бүлдіру фактілері бар.

Маңғыстауда электронды бақылаудағы сотталғандар 150 реттен астам заң бұзған
Фото: Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті

Атап айтқанда, сотталғандардың бірі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Ақтау қаласы Полиция басқармасының арнайы қабылдау орнына 10 тәулікке қамалған.

Сонымен қатар пробация қызметі тағы екі сотталғанға қатысты жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы сотқа ұсыныс енгізген. Сот ұсыныстарды қанағаттандырып, аталған азаматтар жазасының қалған бөлігін өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жіберілген.

Бұған дейін пробация есебіндегі қызылордалық сот залынан қамауға алынғаны айтылды.