Германия мен Франция іштен жану қозғалтқышы бар көліктерге толық тыйым салмайды
АСТАНА. KAZINFORM — Берлин мен Париж Еуропаның жаңа көліктерге қоятын климаттық талаптарын қайта қарау бойынша бірлескен жоспар жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды BILD.
Оған сәйкес, автоөндірушілер жаңа көліктерінің орташа CO₂ шығарындысын 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 90%-ға төмендетсе жеткілікті, ал қазіргі ЕО ережелері 100%-ға төмендетуді талап етеді
Демек, 2035 жылдан кейін автомобиль компаниясы шығаратын барлық моделінің орташа көрсеткіші жоғарыдағы талапқа сай болса, жаңа бензин және дизельді көліктерді сатуына болады. Дегенмен, бұл барлық іштен жану қозғалтқышы бар көліктерді шектеусіз шығаруға рұқсат беру дегенді білдірмейді.
Еуропа комиссиясы ережелерді жеңілдетуді ұсынған болатын. ЕО ұсынысы бойынша, егер көлік шығарындылары 90%-ға дейін төмендесе, қалған 10%-ды төмен көміртекті болатты және балама отындарды қолдану арқылы өтеуге болады. Франция мен Германия келісімі бойынша, автоконцерндер осы 10 пайыздық өтеуден құтылады.
Есесіне Германия «Еуропада жасалған» деген қатаң ережелерді қолдауға келісті. Мемлекеттік субсидиялар мен басқа да қолдау шараларын Еуропадағы автомобильдер мен компоненттер өндірісімен тығыз байланыстыру жоспарланып отыр. Белгілі бір жағдайларда Ұлыбританияның да осы санатқа қосылуына болады.
Канцлер Фридрих Мерц пен Франция президенті Эмманюэль Макрон бұл келісім еуропалық автоөнеркәсіпке жұмыс орындарын және бәсекеге қабілеттілікті сақтауға көмектеседі деп үміттенеді. Дегенмен, бұл ЕО-ның соңғы шешімі емес, екі елдің ортақ ұстанымы. Ұсынысты ендігі уақытта қалған мүше мемлекеттер мен Еуропа парламенті мақұлдауы керек.
Бұған дейін Германияның автокөлік өнеркәсібі бәсекедегі орнын жоғалтып жатқаны хабарланған.
Қытай автокөлік қауіпсіздігіне қойылатын талапты қатайтпақ.