Маңғыстауда қарға батқан жиырма-шақты көлік құтқарылды
АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстау облысында қардың қалың түсуіне байланысты құтқару қызметінің көмегіне жиырмаға тарта көлік жүргізушісі жүгінді.
Өңірде соңғы үш күнде 6 көлік қарға батып, кейін қауіпсіз жерге шығарылған. Олардың дені автожолдан тысқары аумақта қар құрсауында қалған көліктер екені анықталып отыр.
«17 ақпан күні қарға батқан көліктерге құтқару қызметі 4 рет барып, тиісті көмек көрсетті. Ал 18 ақпанда мұндай екі оқиға тіркелді. Аталған жағдайлардың барлығы Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Қарақия ауданының аумағында орын алды. Оның ішінде Жаңаөзен-Жетібай тас жолы, Құлалы ауылдарына құтқару қызметінің мамандары барды», — деді өңірдің апаттық-құтқару қызметінің өкілдері.
Маңғыстауда 12-18 ақпан күндері аралығында апаттық-құтқару қызметі дабыл бойынша 40 рет арнайы шақыртумен оқиға орнына барған. Оның ішінде 8 оқиға өртке қатысты, 18-і құтқару жұмыстарымен байланысты болып отыр.
Сондай-ақ, жану жағдайы бойын 13, расталмаған 1 шақырту тіркелген.