Маңғыстауда қатты жел тұрғын үйдің шатырын жұлып әкетті

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында қатты желдің салдарынан тұрғын үйдің шатыры ұшып кетті. Қарақия ауданы әкімдігінің мәліметінше, оқиға Құрық ауылында болған. Тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Алайда қолайсыз ауа райына байланысты шатыр жабынын толық аяқтап үлгермеген.

Маңғыстауда қатты жел тұрғын үйдің шатырын жұлып әкетті
Фото: Ақтау әкімдігі

Қатты жел салдарынан ғимарат шатырының бір бөлігі жұлынып кеткен.

Дрон арқылы түсірілген кадрлардан шатырдың едәуір бөлігі жоқ екені көрінеді. Ағаш конструкциялары ашық қалған, ал жабын үстінде құрылыс материалдары мен кірпіштердің сынықтары жатыр.

Маңғыстауда қатты жел тұрғын үйдің шатырын жұлып әкетті
Фото: Ақтау әкімдігі

-Қазіргі уақытта нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар шатырдың зақымданған бөлігін жөндеп, жабындыны тиісті жағдайға келтіру үстінде. Абырой болғанда, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ, - делінген хабарламада.

Ақтау қаласында да дауылдан кейінгі қалпына келтіру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

-Дауыл салдарынан құлаған ағаштар кесіліп, қауіпсіз аумақтарға шығарылып жатыр. Сонымен қатар жол жиектері мен қоғамдық орындарда жиналған қоқыс тазаланып, аумақтарға санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілу үстінде. Коммуналдық қызметтер қала аумағының тазалығын қамтамасыз ету және табиғи құбылыстың салдарын жою жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізіп жатыр, - деп хабарлады Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін,  алдағы үш күнде жаңбыр жауып, ауа температурасы 28 градусқа дейін көтерілетіні туралы жаздық.