Маңғыстауда қоқыс полигонына жауапты кәсіпкерге айыппұл салынды

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында қоқыс полигонында тұтанған өрт әлі толық өшірілген жоқ. Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласының тұрғындары кешеден бері күйіктің иісіне шағымданып отыр. Осыдан кейін экологтар тексеру жүргізіп, ауа құрамында улы газдардың шекті мөлшерден көп екенін анықтады.

Маңғыстауда қоқыс полигоны өртеніп жатыр
Фото: mangystau_ecology_department

— Полигон аумағы 6 учаскеге бөлінеді. Соның екеуі қоқысқа толы. Қазір өртеніп жатқан екінші учаске. Оны рекультивациялауды дұрыс атқармаған кәсіпкерге 200 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, — дейді облыстық экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиев.

Департамент басшысының сөзінше, полигонға Ақтау қаласынан, Мұнайлы ауданынан және Түпқараған ауданына қарасты екі ауылдан тұрмыстық қалдықтар тасымалданады. Полигонда жиналған қоқыстың сұрыпталмауына байланысты, өздігінен жану қасиеті бар биогаз пайда болған.

— Мұнайлы ауданы әкімдігінің арқасында сол жерге 7 самосвал, 4 шынжыр табанды тиегіш, 1 бульдозер мен 20 шақты қызметкердің арқасында жедел жұмыстар жүргізіліп, өрттің жою жұмысын кеше 15 күні сағат кешкі алтыда аяқтаған болатын. Қазіргі таңда полигонда өрт сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Біз қазір сөндірдік, болдық деп айта алмаймыз. Себебі ол астынан келіп жатқан биогаз, әр уақытта шығып кету қаупі бар, — дейді Армат Жүсіпқалиев.

Бұған дейін Маңғыстауда қоқыс полигонының өртеніп жатқаны туралы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар