Маңғыстауда құйынды дауыл тұрып, кен орнында бірнеше нысан қирады
АҚТАУ. KAZINFORM – Құйын Қаражанбас кен орнында сағат 6 шамасында көтерілген. Жел екпіні қатты болғаны сонша, 40 тонналық контейнер бірнеше метрге ұшып кеткен. Аумағы 350 шаршы метр өрт сөндіру бөлімінің шатырын ұшырып әкетті.


Сондай-ақ өрт сөндірушілерді электр энергиясымен қамтитын трансформаторлық қосалқы станцияны орнынан жұлып құлатқан.


«Сағат 05:58 шамасында кенеттен қатты жел тұрып, өрт сөндіру бөлімі ғимаратының төбесіне зақым келтірді. Сондай-ақ өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамын оқыту үшін пайдаланылатын газ-түтіннен қорғау қызметінің 40 тонналық контейнері зақымданды. Өрт сөндіру бөліміне электр қуатын беретін трансформаторлық қосалқы станция істен шықты», - деп хабарлады мұнай компаниясының баспасөз қызметі.


Компания мәліметінше, оқиғадан адамдар зардап шеккен жоқ. Кен орнының жұмысына да кедергі келмеген. Қолайсыз күн райынан болған шығын көлемі есептеліп жатыр.
