Маңғыстауда мас күйде көлік жүргізген тұрғын 20 тәулікке қамалды

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау ауданында көлік жүргізу құқығы жоқ бола тұра, мас күйде рөлге отырған азамат 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

алкоголь
Фото: Pexels

Маңғыстау аудандық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, іс ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 6-бөлігі бойынша қаралған.

Сот анықтағандай, 2026 жылғы 21 мамырда Шайыр ауылының тұрғыны көлік құралын басқару құқығы болмағанына қарамастан, «Chevrolet Cobalt» маркалы автокөлікті ішімдік ішіп басқарған.

Құқықбұзушының кінәсі өзінің түсініктемесімен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, медициналық куәландыру қорытындысымен және іс материалдарымен дәлелденген.

— Аталған баптың санкциясына сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін 20 тәулікке әкімшілік қамақ жазасы көзделген. Сот қаулысымен тұрғын әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енді, — делінген хабарламада. 

Бұған дейін, Павлодар облысында мас күйде жол апатын жасаған әйел қамауға алынған болатын.