Маңғыстауда мәйітті ашпай зерттеуге мүмкіндік беретін технология енгізіліп жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облыстық сот сараптамалары институтына мәйітті дене тұтастығын бұзбай зерттеуге мүмкіндік беретін компьютерлік томограф орнатылды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл — сот-медициналық сараптама саласына виртуалды аутопсия технологиясын енгізу бағытындағы жұмыстардың бірі.
Жаңа жабдық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының Маңғыстау облысы бойынша филиалына орнатылды. Бұған дейін өңірде қолданылмаған бұл технологияны толыққанды іске қосу үшін жан-жақты зерттеу және бірқатар эксперимент жүргізу қажет. Сондықтан мамандар алдымен құрылғының мүмкіндіктерін сынақтан өткізіп, зерттеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Жабдық толық іске қосылған соң мамандар мәйіттің ішкі ағзалары мен сүйек құрылымдарын компьютерлік томография арқылы, дене тұтастығын бұзбай зерттей алады. Бұл сот-медициналық сараптаманың сапасын арттырып, зерттеу нәтижелерінің дәлдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Виртуалды аутопсия — компьютерлік томография көмегімен қайтыс болған адамның денесін кеспей, ішкі құрылымдарын зерттеу әдісі. Ол жарақаттарды, сүйек сынуын, ішкі ағзалардың зақымдануын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық кескіндерді сақтап, қажет болған жағдайда қайта зерттеуге болады.
Виртуалды аутопсия, ең алдымен, зорлық-зомбылық белгілері жоқ өлім жағдайларында қолданылуы мүмкін. Ал күмәнді немесе криминалдық сипаттағы жағдайларда дәстүрлі сараптама қажеттілігі сақталады.
Маңғыстауда жаңа томографтың орнатылуы сот-медициналық зерттеулердің мүмкіндігін кеңейтіп, сараптама саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға арналған.
Бұған дейін Маңғыстауда балалар арасында тұмау мен қызылша өршіп тұрғанын жазғанбыз.