Маңғыстауда медицина мамандары тапшы
Маңғыстау облысында 200-ге жуық медицина маманы жетіспейді. Ақтау мен Жаңаөзен қалаларына 130-дай кадр керек болса, ауылдарда 77 маман керек, деп хабарлайды Kazinform.
Өңірге анестезиолог-реанимотолог, акушер-гинеколог, хирург, онколог, эндокринолог мамандар қажет. Биыл кадр тапшылығын жою үшін облыс әкімінің 200-ге жуық гранты бөлінді. Оның 68-і бакалаврға, 97-сі интернатураға, 33-і резидентураға арналған. Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігі резидентура мамандарын дайындау үшін Маңғыстауға 79 грант бөлді. Мамандар мәселенің түбегейлі шешілуіне жастардың білім алуға жұмсайтын уақыттың әсер ететін айтады.
- Бір жақсы маманды дайындау үшін медицина қызметкеріне 12 жылдай уақыт кетеді. Негізгі 6 жыл, одан кейін 3 жыл резидентура оқиды. Резидентурадан келгеннен кейін, біз оның біліктілігін арттыруымыз керек. Осындай дәрігерлерге жүктемені азайту мақсатында біз орта буын медицина қызметкерлерінің де біліктілігін арттыруымыз керек. Сол кезде тепе-теңдік болады», - деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Әшімқызы.
Қазір облыс бойынша 93 маманды жұмысқа қабылдау мәселесі қаралып жатыр.
Айта кетейік, жас мамандарға бір жолғы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті бюджеттен 70 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, Ақтау, Жаңаөзен, Мұнайлы ауданына барлығы 7 пәтер сатып алынды. Жыл сайын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында аудандық әкімдіктер тарапынан баспана алуға 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде несие және 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме қаражат беріледі. Оған қоса, елді мекендерге келетін дәрігерлерге 1 млн 500 мың теңге көлемінде бір реттік көмек беру жоспарланып отыр.