Маңғыстауда нөсер жауыннан кейін жүзден астам жылқы қырылды
АҚТАУ. KAZINFORM – Аймақта 14-15 сәуір күндері екпінді жел соғып, нөсер жауын жауған болатын. Соның салдарынан жылқылар қырылып қалған. Бұл туралы жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде жазып, дабыл қақты.
– Маңғыстауда жаңбырдан кейін Ақшымырау ауылы маңындағы малды су ағызып әкетіп, сорға түсірген. Көптеген жылқы тұзды батпаққа батып өлді, тағы бір бөлігі әлі шыға алмай жатыр. Егер төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті билік көмек көрсетпесе, жағдай одан әрі ушығуы мүмкін, - деді тұрғындар
Осы жағдайға байланысты облыста арнайы комиссия құрылып, шалғайдағы ауыл-аймақтарда мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алдын ала деректер бойынша, жүзден астам жылқы қырылған. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар мал шығынының нақты санын анықтап жатыр. Өйткені шаруалар әлі толық есеп жүргізе алмай отыр. Ал жылқылардың қырылуына – қолайсыз ауа райы, яғни қатты жел мен нөсер жаңбыр себеп болған. Бағытынан жаңылған жануарлар ылғалды, бақпаққа түсіп, өлген.
- Бүгінде оқиғаның салдарын жою үшін барлық күш құрылымдары жұмылдырылды. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың техникасы, төтенше жағдайлар қызметтері және жергілікті атқарушы органдар тартылған. Суды сору және қалпына келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Жағдай ерекше бақылауда. Мал иелерімен жұмыс жүргізіліп жатыр, заманауи мониторинг құралдары мен арнайы техника қолданылып жатыр, - деп хабарлады Маңғыстау ауданы әкімдігі.
Бұған дейін, Маңғыстауда итбалықтар қырылып жатқанын жазған болатынбыз.