Маңғыстауда өндірістік құбырларды ұрлаған қылмыстық топ ұсталды
АҚТАУ. KAZINFORM — Оқиға Жаңаөзен қаласында тіркелді. Ірі көлемде қара металл ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
— 2026 жылғы 17 ақпанда Жаңаөзен қаласы полиция басқармасына арнайы ақпарат келіп түсті. № 1 Мұнай және газ өндіру басқармасының аумағынан бұрын қолданылған диаметрі 720 мм өндірістік құбырлар шығарылып, қара металл қабылдау орнына өткізілген. 19 ақпан күні Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен, су, әуе және теміржол көлігінде жасалатын қылмыстардың алдын-алу және анықтау мақсатында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері мен жедел әрекет ету арнайы жасақ қызметкерлері қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі, — делінген хабарламада.
Тексеру барысында күдіктілердің жалған құжаттарды пайдалана отырып, квазимемлекеттік секторға тиесілі диаметрі 720 мм өндірістік құбырларды ұрлап, оларды қара металл қабылдау орындарына өткізгені анықталды.
Қара металл қабылдау орнын тексеру кезінде жалпы саны 24 дана, диаметрі 720 мм құбыр табылып, заңды иесіне жауапкершілікпен сақтау үшін тапсырылған.
Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін, Қарағанды облысында пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталған болатын.