Маңғыстауда сенбілік жұмыстары мамырға дейін жалғасады
АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстау облысында жалпыхалықтық сенбілік бастау алды. Биыл облыс бойынша әр қала мен елді мекендерде санитарлық-тазарту және абаттандыру жұмыстары 16 наурыздан бастап 15 мамырға дейінгі аралықта жүргізіледі.
Облыстық қоғамдық коммуникация орталығының мәліментінше, сенбіліктің мақсаты — өңір аумағын қоқыстартан тазарту және халықты тазалыққа, бірлікке, жауапкершілікке шақыру, экологиялық сауаттылықты үгіттеуге бағытталып отыр.
«Бұл іс-шара жыл сайын жүзеге асырылады. 16 наурызда Ақтаудың 4 шағын ауданындағы «Бриз» қайық клубынан бастап «Дискай» теңіз жағажайы маңына дейін, 39 шағын аудан «Ержан Хазірет» мешітінен бастап 34 шағын аудандарындағы «Ана мен бала» перзентханасы ғимаратына дейін және 9 А шағын ауданында «I love Aktau» композициясынан «Самал» теңіз жағалауына дейінгі аумақты қамтыды. Аталған іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, экобелсенділер және тұрғындар қатысты. Бұл іс-шараға Ақтау қаласы бойынша 9 техника жұмылдырылды және сенбілікке қатысқан 230 адам қажетті құралдармен қамтамасыз етілді», - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жантілек Асқатов.
Бұл ретте Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілдері 15 мамырға дейін сенбілік науқанының жалғасатындығын ескере отырып, тұрғындарға белсенділік танытуды ұсынып отыр.