Маңғыстауда шегірткеге қарсы күрес жұмыстары күшейтілді

АҚТАУ. KAZINFORM — Аймақта шегірткелердің көбеюіне байланысты химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін, әлеуметтік желілерде тұрғындар шегірткенің қаптап кеткенін айтып, алаңдаушылық білдірген болатын.

саранча
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Жолдас Сағынғалидың айтуынша, биыл шегіртке зиянкестерінің көбеюіне жауын-шашынның жиі түсуі мен ауа райының қолайлы болуы әсер еткен.

- Қазіргі уақытта инспекция қызметкерлері мен әдістемелік орталық өкілдері бірлесіп, тұрақты мониторинг және тексеру жұмыстарын жүргізуде. Зерттеу барысында зиянкестер таралған аумақтар мен экономикалық зияндылық шегі асқан жерлер анықталып жатыр. Анықталған аумақтар бойынша мәліметтер жергілікті атқарушы органдар мен қызмет көрсетуші ұйымдарға жолданады. Ал шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын мердігер мекеме жүргізіп жатыр, - дейді Жолдас Сағынғали.

Инспекцияның мәліметінше, бекітілген жоспарға сәйкес биыл шегірткеге қарсы 11,1 мың гектар жерді өңдеу көзделген. Оның ішінде Бейнеу ауданында – 9,1 мың гектар, Маңғыстау ауданында – 2 мың гектар аумақ қамтылады.

Қазіргі уақытта Бейнеу ауданында 4,3 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілген. Сондай-ақ зиянкестердің таралуын шектеу мақсатында Тұщықұдық ауылдық округінің аумағында да өңдеу жұмыстары жалғасады.

Бұған дейін, ғалымдар шегірткеге қарсы химикаттарға балама биопрепарат әзірлеген болатын.