Маңғыстауда су тұшытатын қондырғы іске қосылды
АҚТАУ. KAZINFORM — Тәулігіне 4 500 текше метр су тұшытатын қондырғы Ақтау қаласының іргесіндегі Сайын Шапағатов ауылында пайдалануға берілді.

Су тұшыту зауыты жерасты суларын пайдаланып, ауыл халқына санитарлық талапқа сай ауыз су беріп отыр.
Алдағы уақытта өндіріс қуатын тәулігіне 6 500 текше метрге дейін арттыру көзделген.

Жоба құны — 1 миллиард теңге.
— Жаңа қондырғының көмегімен зауыттың қуаты екі есе артты. Кәсіпорын тәулігіне 4 500 текше метр су тұшытады. Бұл өз кезегінде он мыңға жуық тұрғыны бар Сайын Шапағатов пен көршілес 15 мың адам тұратын Ақшұқыр ауылын ауыз сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — дейді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Айта кетейік, аймақта ауыз су тапшылығы бар.
Бұған дейін Ақтауда 3 күн бойы ауызсусыз қалған тұрғындардың жанайқайын жеткізген едік.