Маңғыстауда табиғат инспекторлары елуден астам бұлақты анықтады
АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстау облысындағы «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің инспекторлары тазалау жұмыстары кезінде 52 бұлақ көзін ашып, аңдардың су ішуіне мүмкіндік жасады.

«Қызылсай» паркі аумағындағы Ман Ата асуының шығысында орналасқан Қызыл қуыс пен «Манашы» қаумалындағы Нәрік ишан бұлағының көзі тазаланып, сол маңды мекен ететін аңдардың суат мәселесі шешімін тауып отыр. Бүгінде Қызыл қуыс бұлағынан арқар қарақұйрық, қоян, қасқыр, түлкі секілді түз тағыларын жиі кездестіруге болады.

«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің басшысы Мыңберген Қаратауов «Манашы» қаумалы аумағында мекен ететін дала жануарлар мен өзге де аңдар тұрақты түрде Нәрік ишан суатына келетінін жеткізді. Сондай-ақ, кейбір аумақта мұнай кен орны аумағында қолдан су ішіп отырған қарақұйрықтар барын атады.
«Маңғыстауда ұзындығы әртүрлі қашықтықты құрайтын бұлақтар көп. Біз осыған дейін парк аумағынан 52 бұлақ көзін аршыдық. Далалық бұлақтардың көбінен аң-құстар су ішетін. Кейін олардың басым бөлігі бітеліп, суы тартылып қалды. Биылдан бастап қолға алынған кешенді жұмыстар кезінде елуден астам бұлақты тазаладық. Бұл орындардан аңдардан бөлек, Сай-Өтес, Үстіртегі үй жануарлары да су ішеді. «Қызылсай» паркіне қарасты 4 қаумал бар. Біз бұлақтарды ашу арқылы аңдардың су ішуіне мүмкіндік жасап отырмыз. Ал су ішкен аңдар қаумалдан басқа жаққа ауып кетпейді. Былтыр Тасорпадағы құдықты тазалап, қолдан суаруды жолға қойдық. Осы арқылы қарақұйрықтар үнемі келетін болды. Сол арқылы олардың санын анықтауға да мүмкіндік туып отыр. Мысалы, былтыр олардың саны 14 бас болса, қазір қолдан орнатқан фотоқақпан арқылы 39 қарақұйрық барын анықтады», - деді Мыңберген Қаратауов.
Парк басшылығы тауда «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне тиесілі аумақта арқарлардың төлдеу маусымы басталғанын атаған еді.
Сонымен қоса, табиғи парк аумағында арқар мен қарақұйрық саны көбейгені туралы дерек жария болды.