Маңғыстауда арқарлар төлдеп жатыр

арқар
Фото: Pyxabay.com

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне тиесілі аумақта арқарлар төлдеп жатыр.

Қазіргі уақытта «Манашы», «Тасорпа» мемлекеттік табиғи қаумалдарының басшылары ерекше қорғалатын аумақтарға дала аңдарының көктемгі жай-күйін бақылау мақсатында, фототұзақтар орнатып, айналаға рейдтік іс-шара жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

арқар
Фото: «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі

Бүгінде парке тиесілі 4 қаумалда мекен ететін арқарлар саны мыңнан асқан. Табиғи өсім бойынша түз жануарлары наурыздың соңынан мамыр айына дейін төлдеу кезеңі жалғасады.

«Көктем мезгілінің орта тұсы арқарлардың төлдейтін уақыты. Сондықтан жануарлардың тыныштығы үшін барлық тиісті жұмыстарды біздің парктің инспекторлары атқарып жатыр. Тәулік бойы кезекшілікпен аумақта мотоцикл мен көліктердің жүруіне, дрон ұшыруға тыйым салынған. Сондай-ақ, аңшылардың мылтық атуына тосқауыл қойылған. Бақылау жұмыстарын фототұзақпен атқарып отырмыз. «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне 4 қаумал, 1 парк кіреді. Осы орайда біз «Адамтас» қаумалына ғана фототұзақ құрған жоқпыз. Себебі, теңіз жағасы болғандықтан мұнда тек құстар ғана бар. Қалған 3 қаумал мен 1 паркте арқарлардың төлдеуі тұрақты бақыланып отыр. Олардың нақты саны сәуір айының соңында белгілі болады», — деді парк директоры Мыңберген Қаратауов.

арқар
Фото: Қызылсай мемлекеттік өңірлік табиғи паркі

Оның айтуынша, «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіндегі өткен жылғы санақ кезінде 1059 арқар бары анықталған. Биылдан бастап олардың саны едәуір көбейіп отыр. Сондай-ақ, М.Қаратауов табиғат паркінде қарақұйрықтар мамыр айында төлдей бастайтынын алға тартты.

Осыған дейін Маңғыстаудағы «Қызылсай» табиғи паркінде арқар мен қарақұйрық саны көбейгені туралы дерек мәлім болған еді. 

Былтыр өңірде арқар атқан браконьерлер ұсталған болатын. 

Соңғы жаңалықтар