Маңғыстауда табиғи нысанды бүлдірген тұрғын 25 тәулікке қамалды
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында Ыбықты сай шатқалындағы вандализм дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында аталған шатқал аумағындағы тастарға ер адамның өз аты-жөнін және автокөлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін жазып кеткенін анықтаған. Аталған құқық бұзушылықты жасаған 21 жастағы Маңғыстау облысының тұрғыны болып шықты.
- Вандализм фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот үкімімен оған 25 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды. Қазіргі уақытта ол қамауға алынып, тергеу изоляторына орналастырылды, - делінген хабарламада.
Полиция табиғи нысандарға, тарихи-мәдени мұра объектілеріне және ескерткіштерге жазу немесе сурет салу әрекеттері жол берілмейтінін ескертеді. Мұндай заңсыз әрекеттерге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Бұған дейін, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен құқық қорғау саласының мамандары тарихи мұраны сақтау ережелері мен вандализм үшін қолданылатын жазаның қатаңдатылғанын мәлімдеген болатын