Маңғыстауда ұлттық киім челленджі жалғасын тапты

Ұлттық киім, оқушы
Фото: Қоғамдық коммуникация қызметі

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстауда еліміз бойынша наурызнама онкүндігіне орай бүгін Ұлттық киім күні өтіп жатыр.

Осыған орай Ақтау қаласындағы №21 мектептің оқушылары наурыз айы басталғалы сабаққа ұлттық киіммен келді.. Осылайша оқушылар ұлттық киім эстафетасын барлық білім ордаларына жолдап отыр.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2800-ге жуық оқушы білім алатын мектепте аталған күн ерекше ұлықталып отыр. Мектеп мұғалімі Айгерім Қожахметова мектеп ұстаздары мен оқушылары ұлттық киімді наурыз айы басталғалы киіп жүргенін атады.

«Мектебіміздің ұстаздары мен оқушылары ұлттық киімді 1 наурыздан бастап киіп жүр. Негізгі мақсат - жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды дарыту. Барша ақтаулықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын», - деді мектеп мұғалімі Айгерім Қожахметова.

Бұдан бөлек, облыстың Мұнайлы ауданында әкімдігінің ұжымы ұлттық бірегейлігімізді айқындайтын оң бастама көтеріп отыр. Наурыз айының басынан бастап жергілікті әкімдік аппаратының ұжымы жұмысқа күнделікті ұлттық киіммен келіп жүргендерін жеткізді.

Ұлттық киімді насихаттап, рухани мәдениетті дәріптеу мақсатында басталған бастамаға ауыл әкімдіктері мен әкімдікке қарасты мемлекеттік мекемелер де өз үлесін қосып отыр.

Соңғы жаңалықтар