Маңғыстауда үш мыңға жуық ағаш отырғызылды

Маңғыстау облысында «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу» күніне орай 2860 ағаш отырғызылды, деп хабарлайды Kazinform. 

Маңғыстау
Фото: Өңірлік коммуникация орталығынан

Көшет егу науқанына аудан, қалалардан барлығы 1060 адам қатысқан. Олардың арасында мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемелерінің жұмысшылары бар. Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайдар Төлеушовтың айтуынша, экологиялық акцияның басты мақсаты – өңірдегі жасыл желектер санын көбейту және оларды сақтау. 

Маңғыстау
Фото: Өңірлік коммуникация орталығынан

«Ақтау қаласы бойынша 120 адам қатысып, 150 түп ағаш, Жаңаөзен қаласы бойынша 220 адам 1000 түп ағаш, Түпқараған ауданында 120 адам 400 түп ағаш, Бейнеу ауданы бойынша 160 адам 500 түп ағаш, Мұнайлы ауданы бойынша 150 адам 350 түп ағаш, Қарақия ауданы бойынша 250 адам 350 түп ағаш, Маңғыстау ауданы бойынша 40 адам 110 түп ағаш отырғызды», - деді Қайдар Төлеушов.

Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспепкциясы басшысы Ғаббас Досатов тұрғындарды акцияға атсалысуға шақырды. 

Маңғыстау
Фото: Өңірлік коммуникация орталығынан

«Бүгінгі науқан облысымызды көгалдандырып, абаттандыру үшін өткізіліп жатыр. Сондықтан тұрғындарды осындай науқандарға белсенді атсалысуға шақырамын. Сонымен қатар ағаштарды сындырмауға, күтіп-баптауға, қолдарыңыздан келгенше үйлеріңіздің алдына ағаш отырғызып, оларды суарып тұруға кеңес беремін!», - деді Ғаббас Досатов.