Маңғыстауда «West Oil Software» жүргізушілерінің ереуіліне қатысты ПД пікір білдірді

АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстауда өткен жылдың 11 желтоқсанынан бері ереуілде тұрған «West Oil Software» ЖШС-нің жүргізушілеріне қатысты облыстық полиция департаменті қандай жұмыс атқарылатынын атады. 

ереуіл
Фото: freepik.com

Соңғы күндері БАҚ беттеріндегі ереуілде болып, кейін жұмысқа қайта оралған серіктестік жүргізушісінің сұхбатына орай полицейлер тиісті шаралар қабылдайтынын жеткізген.

«Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысындағы бірқатар кәсіпорындардың қызметкерлерін алдау және зорлық-зомбылық қаупімен ереуілдерге қатысуды жалғастыруға мәжбүрлеу туралы ақпарат таратылуда. Атап айтқанда, мұндай жағдай „West Oil Software“ ЖШС ұжымында орын алуда, сот қызметкерлердің ереуілі заңсыз деп таныды. Жалпы саны 100-ден астам адамға жеткен «West Oil Software» ЖШС-нің жекелеген жұмысшылары заңсыз ереуілге қатысудан бас тартып, өздерінің еңбек міндеттеріне кірісті. Алайда, олар ереуіл белсенділерінің тарапынан қысым көруде. Мұндай әрекеттерге жол берілмейді. Аталған дерек бойынша егжей-тегжейлі тексеру жүргізіледі», - деп жазылған Маңғыстау облыстық ПД таратқан хабарламада.

Сонымен бірге, департамент ереуілге қатысуға шақыру бойынша тиісті тергеу амалдарын бастағанын мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда облыстық полиция департаменті заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға шақыру фактілері бойынша ҚК-нің 402-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
Оларға қатысы бар адамдардың көрсетілген құқыққа қайшы әрекеттеріне құқықтық баға осы қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде берілетін болады. Азаматтарды зорлық-зомбылық, қысым және алдау қаупі фактілері бойынша ішкі істер органдарына жүгінуге және арандатушылыққа берілмеуге шақырамыз», — деді облыстық ПД өкілдері.

Маңғыстау облысында 2023 жылдың 11 желтоқсанда «West Oil Software» ЖШС-нің 400-ден астам жүргізушісі талап қойып, жұмысын тоқтатқан болатын. Наразы топ өздерін «ҚазМұнайГаз» ҰК» құрамына енгізу, айлық табыстарын ҚМГ еңбекақы төлеу жүйесімен теңестіру, материалдық-техникалық базаны жаңарту сынды бірқатар ұсыныстарын алға тартқаны жария болды. Кейін жүзге жуық жұмысшы өз қызметіген оралған.

Соңғы жаңалықтар