Маңғыстауда жағалаудан табылған өлі итбалықтарға қатысты құзырлы орган жауап берді

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Баутин ауылы маңынан 15 итбалықтың өлексесі табылды. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасы хабарлады. 

Маңғыстауда жағалаудан табылған өлі итбалықтарға қатысты құзырлы орган жауап берді
Фото: Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасынан

Басқарманың мәліметінше, 2026 жылғы 12 қазанда Ақтау қаласының тұрғыны Каспий теңізінің жағалауынан итбалықтардың өлекселерін байқаған. Осыған байланысты 13 қазанда жағалау аумағын тексеру үшін жедел топ құрылған.

Оның құрамына балық инспекциясы басқармасының, облыстық жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің, «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерватының, Экология департаментінің және ветеринариялық қызметтің өкілдері кірді.

Тексеру барысында теңіз жағалауынан 15 итбалықтың өлексесі табылды. Олардың қатты шіріп кеткені анықталды. Осыған байланысты зерттеу жүргізу және өлім себептерін анықтау үшін тін үлгілерін алу мүмкін болмаған.

Алдын ала болжам бойынша, итбалықтар біраз уақыт бұрын қырылып, теңізде қалқып жүрген болуы мүмкін. Кейін оңтүстік-батыстан соққан қатты жел оларды жағаға шығарған.

Қазіргі уақытта өлекселерді жағалаудан арнайы полигонға тасымалдап, жою жұмыстары ұйымдастырылып жатыр.

Бұған дейін, Маңғыстауда Каспий итбалықтарына қатысты тағы бір жағдай тіркелді.