Маңғыстауда жағажай маңына кәріз суы аққан

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысы Қарақия ауданының орталығы Құрық ауылында теңізге қарай аққан сұйықтықтың кәріз суы екені анықталды. Экологтар зақымданған құбырды анықтап, зертханалық талдау жүргізген.

Маңғыстауда жағажай маңына кәріз суы аққан
Фото: видеодан скрин

Бұған дейін ауыл тұрғыны жергілікті жағажай маңынан жағымсыз иіс шығып, белгісіз сұйықтықтың теңізге қарай ағып жатқанын айтып, БАҚ-тардың біріне шағымданған. Әлеуметтік желіде тараған видеодан сұйықтық балалар алаңына жақын жерден ағып өткенін және үлкен аумақты алғанын байқауға болады. 

Осы жағдайға байланысты Маңғыстау облыстық экология департаменті тексеру жүргізген. Нәтижесінде құбырдың зақымданғаны және соның салдарынан судың жер бетіне шыққаны анықталды.

- Мамандар сұйықтықтан сынама алып, зертханалық талдау жасады. Зерттеу қорытындысы оның кәріз суы екенін растады.Зақымданған құбыр Қарақия ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тиесілі,-деп хабарлады Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің өкілдері.

Осыған байланысты ведомство бөлім басшылығын экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесін қарау жөнінде прокуратураға хат жолдаған.

Қарақия ауданының әкімдігі құбырдың толықтай жөнделгенін мәлімдеді.

Бұған дейін Өскеменде экологиялық паспортты әзірлеу бес жылға кешеуілдегенін жазған едік.