Маңғыстауда жапан далада ақ қасқыр фототұзаққа түсіп қалды

Маңғыстаудағы ақ қасқыр
Фото: МО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Маңғыстау облысында «Манашы» мемлекеттік табиғи қаумалында жалғыз жортып жүрген ақ қасқыр арнайы орнатылған фотоқақпанға түсіп қалды, деп хабарлайды Kazinform.

Маңғыстау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, түз тағысының бұл тұқымы Маңғыстау өңірінде өте сирек кездеседі.

«Адам көзіне түсе бермейтін ақ қасқырлар Маңғыстау аймағында өте сирек кездесетін жыртқыш аңның бірі. Ол өте сезімтал әрі кез келген табиғат жағдайына өте төзімді. Ақ қасқыр өзі мекендейтін аумақта ең қауіпті жыртқыш саналады. Оның салмағы орта есеппен 30-80 келі аралығында болады», - деді Маңғыстау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі.

Осыдан екі жыл бұрын маңғыстаулық видеографтың камерасына сирек кездесетін жыртқыш қызыл қасқыр түсіп қалған болатын. Сол жолы теңіз жағасында жүрген ұрғашы қасқыр дронды көріп, қашқан еді. Кейін мамандар қызыл қасқырдың қасқыр тұқымдасына жататын жыртқыш сүтқоректі екенін атап, Маңғыстауға қалай келгені белгісіз екенін мәлімдеді.

«Маңғыстау облысында ақ қасқырлар екі апта бұрын фотоқақпанға түскені байқалды. Аталған аңның түрін өңірдің символы деуге болады. Себебі бұл сирек кездесетін аң. Бұған дейін мүлдем көрінген емес. Ақ қасқырларға әзірге зерттеу жұмыстары жүргізілмеді. Алда мамандарға жүгініп, олардың санын анықтау жоспарымызда бар», - деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Әсел Балманова.

Соңғы жаңалықтар
telegram