Маңғыстауда жыл басынан бері өндірісте 2 адам қаза болды

Жарақат
Фото: gov.kz

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында жыл басынан бері өндіріс жұмысында 2 адам оқыс жағдайда қаза тапты.

Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Нұрлан Телегеновтің айтуынша, биыл зардап шеккен адам саны 2023 жылдың алғашқы үш айына қарағанда 86 пайызға көбейген.

«Биыл өңірде алғашқы тоқсанда 13 адам өндірісте зардап шекті. Оның ішінде 2 адам қайтыс болды. Кісі өлімімен аяқталған жазатайым оқиғаның бірі «МұнайСпецСнаб» ЖШС-і мен «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ-ның Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесіне қарасты жол дистанциясында тіркелді. Жазатайым оқиғаның негізгі себебі - жұмыста қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақталмауы. Мәселен, «МұнайСпецСнаб» компаниясында қайғылы оқиға жұмыс берушінің кінәсінен болған. Ал Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесіне қарасты жол дистанциясында жұмыс берушісінің кінәсі 70 пайыз, марқұм жұмыскердің кінәсі 30 пайыз екені дәлелденді», - деді Нұрлан Телегенов.

Өкінішке қарай, облыста жазатайым оқиға аталған жағдайлармен шектелген жоқ. Қазіргі уақытта «Өзенмұнайгаз» АҚ-да болған оқыс оқиға тексеріліп жатыр.

Сонымен қатар, биыл Маңғыстау мемлекеттік еңбек инспекциясы «ГЕОС» ЖШС және «Мұнай Каспий Газ» ЖШС-де өндірісте орын алған жазатайым оқиғаны жасыру дерегі анықтаған. Аталған оқиға бойынша кәсіпорынға әкімшілік айыппұл салынды.

Айта кететін жайт, Маңғыстау облысындағы кәсіпорындарда жазатайым оқиғалардың негізгі себептері еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу, жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы, зардап шегушінің өрескел қателігі, еңбек және өндіріс тәртіптерін, жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан екені тексеру барысында анықталған.

«Мемлекеттік еңбек инспекторлары биылғы бірінші тоқсанда 157 тексеру жүргізді. Осының шеңберінде 166 заң бұзушылық анықталды. Бұл заң бұзушылықтарды жою және оларды алдағы уақытта болдырмау мақсатында 120 нұсқама енгізіліп, 31 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Соның нәтижесінде 11,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 3 ескерту берілді», - деді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Нұрлан Телегенов.

Ал былтыр Маңғыстау облысы бойынша өндірісте 45 адам жарақаттанып, 11 адамның өлімі тіркелген.

Соңғы жаңалықтар