Маңғыстауда жүкті әйелін пышақтаған тұрғын 15 жылға сотталды
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстауда жүкті әйелін пышақтаған тұрғынға қатысты сот үкімі шықты.
Маңғыстау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баспасөз қызметінің хабарлағандай, сотталушы К. әйелінің жүкті екенін біле тұра, өзінің қылмыстық іс-әрекетін тоқтатпаған. Ауыр дене жарақаттары салдарынан жерге құлаған жәбірленуші А.-ның дәрменсіз күйде жатқанына қарамастан, ол жәбірленушінің басынан бірнеше рет теуіп дене жарақатын салған.
«2 қазандағы сот үкімімен күдікті ҚР Қылмыстық Кодекстің 24-бабы 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, оқиға 13 шілде күні Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылындағы сауда орталығының жанында көпшіліктің көз алдында болған еді.
Түнгі сағат 21.30 шамасында мас күйдегі азамат заңды некедегі зайыбының денесінің арқа, сан және кеуде тұсынан бірнеше рет соққылар жасап, денсаулығына ауыр зиян келтірген. Оқиғаның бейнежазбасы да тарады.
Кейін зардап шеккен әйелдің жүкті екені белгілі болды.