Маңғыстаудағы донордың жүрегі трансплантация кезегінде тұрған науқасқа салынды
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында қайтыс болған донордың жүрегі трансплантация кезегінде тұрған 43 жастағы науқасқа салынды.
23 тамызда Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында қайтыс болған жас пациент әлеуетті донор ретінде анықталған. Донорлық процесс Республикалық трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен жүргізілді.
Нәтижесінде марқұм донордың жүрегі трансплантация кезегінде тұрған науқасқа ауыстырылды. Операция UMC Жүрек орталығында жасалды.
— Реципиент — 1983 жылы туған пациент. Қазіргі уақытта оның жағдайы операциядан кейінгі кезеңге сәйкес келеді. Науқас медицина мамандарының тұрақты бақылауында, — деп хабарлайды орталық.
Медициналық мекеме донордың отбасына ерекше алғысын білдірді.
— Ең ауыр сәтте донорлыққа келісім беріп, батылдық пен адамгершілік танытқандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Осы шешімнің арқасында басқа адамға өмір сүруге мүмкіндік берілді. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық — жоғары адамгершілік пен өзара қолдаудың көрінісі. Бір донор бірнеше адамның өмірін сақтап, трансплантацияны жылдар бойы күткен жандарға үміт сыйлай алады, — делінген хабарламада.
Бұған дейін, Елде ең көп сұранысқа ие донорлық ағза белгілі болды.