Маңғыстаудағы Қапам ата жартасты мешітіне заңсыз орнатылған пластик терезе мен есік алынды
АҚТАУ. KAZINFORM – Түпқараған ауданындағы Қапам ата жартасты мешітінің кіреберісіне орнатылған пластик терезе мен есік алынып, тарихи нысанның бастапқы келбеті қалпына келтірілді.
Таушық ауылының әкімі Нұржан Бақтыбаевтың айтуынша, мешітке қойылған пластик құрылымдар демонтаждалған. Жартасты мешіттің қазіргі келбеті бейнеленген видео әлеуметтік желілерде жарияланды.
Бұған дейін облыстық тарихи-мәдени қорығы басшылығы Қапам ата мешітін жергілікті маңызы бар мемлекеттік қорғауға алынатын нысандар тізіміне енгізу мәселесі қаралып жатқанын мәлімдеді. Осы мақсатта өткен жылдың жазында тарихи-мәдени сараптама жүргізіліп, оның нәтижесінде мешіттің тарихи құндылығы расталған. Соған қарамастан, желтоқсан айында нысанға пластик терезе мен есік орнатылғаны белгілі болды.
Құзырлы орган бұл әрекетті тарихи-мәдени мұра нысанына жасалған заңсыздық деп, кінәлі тұлғаларға іздеу жариялады.
Айта кетейік, бұдан бұрын Маңғыстауда көне мешітті бүлдіргендер іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.