Маңғыстаудағы қайғылы оқиғадан кейін әскерде қандай өзгерістер болады

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев армия қауіпсіздігін күшейту бойынша бірқатар шешім қабылдады. Бұл туралы вице-президент Ерлан Қарин мәлім етті.

Ақтауда Әскери-теңіз күштері кемелерінің жауынгерлік әзірлігі тексерілді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Оның сөзінше, Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуы жалпыұлттық қасіретке айналды. Мемлекет басшысы осы оқиғаға қатысты барлық негізгі мәселені, яғни зардап шеккендерге көмек көрсету, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермес үшін оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеу жөніндегі жүйелі шараларды жедел түрде жеке бақылауына алды.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялап, қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдап, олардың туған-туыстары мен жақындарына жеке өз атынан көңіл айтты. Мемлекет басшысының Жарлығымен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметші «Айбын» орденімен марапатталды. Президенттің тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына шұғыл жіберілді. Мемлекет басшысы қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккен жауынгерлерге қажетті барлық көмек пен қолдауды көрсетуді тапсырды, — деп жазды Ерлан Қарин Telegram-дағы парақшасында.

Вице-президент атап өткендей, құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

— Алғашқы кезектегі тергеу және процессуалдық іс-әрекеттер жүргізілді. Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғасы күдікті ретінде ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр және Бас Прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында, — деді ол.

Ерлан Қариннің айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер, меценаттар және басқа да азаматтар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Қысқа мерзім ішінде қаражат жинау ісінің жедел әрі ашық жүргізілуін қамтамасыз ететін арнайы қор құрылды. Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов басқаратын қоғамдық комиссия жасақталды. Комиссияның негізгі міндеті — жиналған қайырымдылық қаражатын әділ әрі ашық бөлуді қамтамасыз ету.

— Жұртшылықтың алдағы уақытта да қабылданған барлық шара туралы уақтылы әрі ашық ақпарат алып отыруы қамтамасыз етілетін болады. Ең бастысы мемлекет тек жедел әрекет етіп қана қоймай, оқиғалардың түпкі себептерін жоюға бағытталған жүйелі әрі кешенді шешімдерді қабылдауда, — деді вице-президент.

Қарин Президент Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысын тағайындап, ведомствоның жұмысын кешенді тексеру жөнінде Комиссия құрғанын айтты. Сөзінше, қаржы және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағдайына жүргізілген аудиттің алғашқы қорытындысы жеті күн ішінде баяндалуы тиіс.

— Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы он күн ішінде армияны реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды. Президент атап өткендей, реформаның басты міндеті — әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен өмірі негізгі басымдыққа айналатын жаңа үлгідегі армия құру. Осылайша, аз ғана уақыттың ішінде Мемлекет басшысы кадрлық тағайындаудан бастап әскерді түбегейлі реформалауға дейінгі барлық негізгі шешімдерді қабылдады, — деп түйіндеді ол.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.

25 қыркүйекте, сағат 9:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары нәтижесінде екі сарбаздың денесі судан шығарылды. Осылайша теңіз-әскери күштерінің 14 әскери қызметшісі қаза болды.

Президент Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды тексеретін комиссия құрған еді. Комиссия жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы жеті күн ішінде баяндауға тиіс.

Қызметке салғырт қарады, корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталған болатын.

26 қыркүйекте Маңғыстау жұрты қаза тапқан сарбаздарды соңғы сапарға шығарып салды.

Президент Дәурен Қосановты Қорғаныс министрі лауазымынан босатты. Оның орнына Айдос Мырзахметов Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Бұдан бөлек, әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған бір топ әскери қызметшіге «Ерлігі үшін» медалі табысталды.