Әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған бір топ әскери қызметші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған бір топ әскери қызметші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды
Фото: Kazinform

Қуандық Бекет Бақтыбекұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (атқышы);

Темірхан Ақжол Тимурұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (атқышы);

 Удалов Никита Александрович – 29011 әскери бөлімінің маманы (санитариялық нұсқаушысы).

Бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталған болатын.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.

25 қыркүйекте, сағат 9:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары нәтижесінде екі сарбаздың денесі судан шығарылды. Осылайша теңіз-әскери күштерінің 14 әскери қызметшісі қаза болды.

Президент Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды тексеретін комиссия құрған еді. Комиссия жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы жеті күн ішінде баяндауға тиіс.

Қызметке салғырт қарады, корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталған болатын.

26 қыркүйекте Маңғыстау жұрты қаза тапқан сарбаздарды соңғы сапарға шығарып салды.

Ал бүгін Президент Дәурен Қосановты Қорғаныс министрі лауазымынан босатты.