Маңғыстаудағы волонтерлік топтар мен ұйымдарға 15 шағын грант беріледі

Маңғыстау облысындағы волонтерлік топтар мен ұйымдарға биыл 300 000 теңге көлемінде 15 шағын грант беріледі, деп хабарлайды Kazinform.

Ерікті
Фото: ҚазАқпарат

Шағын грант беру үшін үздік волонтерлік жобаны анықтау мақсатында бүгінде 38 өтінім түсіп, техникалық іріктеу кезеңі басталған.

"Қазіргі таңда өңірімізде волонтерлікпен 53 бастамашыл топ, 10 үкіметтік емес ұйым қызмет атқарады. Облыста барлығы 5230 волонтер бар. Жыл басынан бері бірқатар волонтерлік ұйымдардың ұйымдастыруымен өңірде экологиялық акциялар өтіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты аналарға, қарт адамдарға материалдық, психологиялық тұрғыдан көмек көрсетілді", - деді Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мұқаш Оралбай.

Сондай-ақ волонтерлікті мемлекеттік қолдау стандартын енгізу мақсатында 17 облыста және республикалық маңызы бар 3 қалада іс-шаралар мен кездесулер өткізу басталған.

"Аталған іс-шара барысында волонтерлікті дамытуға ықпал ететін табысты тәжірибелер мен жобаларды анықтау, аймақтардағы волонтерлік саладағы бар проблемалар мен қажеттіліктерді талдау, сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдар, волонтерлер топтары мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы ынтымақтастықтың ықтимал жолдарын талқылау және 2024-2027 жылдарға арналған волонтерлікті дамытудың жол картасына ақпарат жинау сынды тақырыптар талқыланатын болады", - деді «Ұлттық волонтерлік желісі» ЗТБ өңірлермен өзара іс-қимыл жөніндегі бағыттың басшысы Ақерке Құсанова.