Маңғыстаудың Бейнеу ауданында бір түнде 126 қой қырылды

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында бір түнде 126 қой қырылып қалды. Алдын ала мәлімет бойынша, мал бір жерге жиналған жаңбыр суын ішкен.

Маңғыстаудың Бейнеу ауданында бір түнде 126 қой қырылды
Фото: Kazinform/ЖИ/видеодан скрин

Маңғыстау облыстық ветеринариялық басқармасы Бейнеу аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Нұралы Сәдіғұловтың мәліметінше, оқиға туралы 28 қыркүйекте сағат 10:00 шамасында тұрғындардан хабарлама түскен. Мамандар оқиға орнына барып, өлген малдың санын анықтаған.

— Бұл — 10 шақты отбасының малы. Қойларды бір бақташы кезекпен жайылымға шығарып отырған. Барлығы 210 қой болған, оның 126-сы бір түнде қырылып қалған. Қалған 84 қойдың жағдайы жақсы. Жұқпалы ауру белгілері байқалмайды. Қазір олар жайылымға шығарылды, — дейді маман.

Оқиға орнына аудандық ветеринариялық станцияның мамандары барып, өлген малдан және қойлар су ішкен жерден су сынамаларын алған.

Қазір алынған сынамалар аудандық зертханаға тапсырылды. Малдың қырылу себебі зертханалық сараптамадан кейін белгілі болады.

Бұған дейін, Қарағанды облысында соғым маусымы қарсаңында мал ұрлығына қарсы 19 блок-бекет қойылған болатын.