Маңғыстаудың экономикасы мұнай-газ саласына әбден тәуелді болып қалды – өңір басшысы

АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстаудың экономикасы мұнай-газ саласына әбден тәуелді болып қалды. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

Уәде бағдарламасы
Фото: Jibek joly телеарнасының бағдарламсынан алынды

«Кеше ғана 85 жылдық мерейтойын атап өткен ғұламамыз Әбіш Кекілбаев бір сөзінде: «біздің бағымызға да, сорымызға да бергені - мұнай», дегені бар. Шындығында да кеңес дәуірінен бастап, бүгінге дейін Маңғыстаудың экономикасы мұнай-газ саласына әбден тәуелді болып қалды, оны мойындаймыз. Қазірдің өзінде халықты қабылдағанда жастардың, тұрғындардың көпшілігі мұнай-газ саласынан жұмыс сұрайды. Бұл салада жалақы да, әлеуметтік қамсыздандыру да тәуір. Ал шағын және орта бизнес дұрыс дамымай отыр. Мысалы, мұнай мен газы жоқ өңірлерде кәсіпкерлік бізге қарағанда әлде қайда жақсы дамыған», - деді өңір басшысы.

Дегенмен, облыс әкімі туризмді дамыту арқылы шағын және орта бизнестің тамырына қан жүгіртуге болатындығын айтады. Ал ол үшін жастарды бизнеске баулу керек.

«Онсыз болашақ жоқ. Ерте ме, кеш пе соған тәуелді боламыз. «Ауыл аманаты» деген бағдарлама бар. Бағдарлама қолға алынған алғашқы жылы Маңғыстау облысы 800 млн теңге алса, одан кейін 1,2 млрд теңгеге жетті. Қазір ауылдардан сұраныс көп. Өйткені, шағын және орта бизнес ашуға ниетті тұрғындардың қарасы қалың. Енді 1,8 млрд теңге сұрап отырмыз. Бұл бағдарламаның ауылдық жерге тигізетін әсері өте жоғары. Бүгінде Маңғыстау халқы нені көп тұтынатынын, қандай нәрсеге қаражат көп жұмсайтындығын зерттеп жатырмыз. Міне соларды өзімізде ашуымыз керек», - деді Нұрдәулет Қилыбай.