Маңғыстаудың Құрық ауылында жастар топтасып төбелесуден тыйылмай отыр

төбелес
Фото: видеодан кадр

АҚТАУ. KAZINFORM — Олар шағынаудан және автобаза тұрғындары болып екіге бөлініп, бір-бірін көшеде жүргізбейтін болған. Мәселен автобазаның жастары шағынаудан аумағына аттап баса алмайды. Елдімекенде жыл басынан бері жастардың жаппай төбелесуі 3 рет болған.

Қаңтар айында бір топ жасөспірім 14 жасар баланы соққыға жығып, жеткіншек ауруханадан бір-ақ шықты.

Ал, соңғы оқиға мамырдың 14-і күні болған. Бір топ жас 19 жасар бозбаланы ұрлап алып кетіп, ұрып-соққан.

Қазір осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер іздестірілуде. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар құзырлы органдардан көмек сұрайды. 

құрық
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

— Шағынауданға кіріп кетті деп төбелеседі. Автобазаға кірсе, автобазаға кірді деп төбелеседі. Шаштараз, фастфуд — бәрі орталықта орналасқан. Ал біз балаларымызды жалғыз жібере алмаймыз. Таксимен апарып-әкеліп, жетектеп жүреміз. Орталық көшеде концерт болса, біздің автобазаның бір де бір баласы келіп, концерт қарай алмайды. Ата-аналар болып құзырлы органдарға шағымдандық. Бірақ әзірге нәтиже жоқ, — дейді Құрық ауылының тұрғыны Анаргүл Бекенова. 

Көпбалалы ана Зүлфия Батырбаев болса ауылдағы төбелестің салдарынан баласын жұмысқа жібере алмай отыр.

Айтуынша, тұрғындардың берекесі қашқан. Қорқып, үркіп өмір сүруге мәжбүр. 

құрық
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

— Балам жазғы демалыс кезінде «Жасыл ел» жасағының қатарына жұмысқа кіріп, екі апта жұмыс істеді. Енді мына төбелестің кесірінен жұмысқа шыға алмай отыр. Шықпай қалған күндерге еңбекақысын да ала алмайын деп отыр. Тіпті, дүкенге жалғыз жіберуге қорқамыз, — дейді ауыл тұрғыны. 

Қарақия ауданның прокуроры Аманжол Айтуғанов ауылдағы келеңсіз жәйттердің себебін анықтаған. Айтуынша, жастардың төбелесіне айтарлықтай себеп жоқ.

Тек мұндай жағдай 1978 жылдан бері қалыптасқан. Оған ауыл үлкендері куә. Содан бері жастар екіге бөлініп, көшелерінде бір-бірін жүргізбейді. 

— Қозғалған қылмыстық істер бойынша куәгерлерден, жәбірленушілерден жауап ала келе біздің түсінгеніміз — Құрық ауылында екіге бөліну бар. Бір-бірінің аумағына бармауы керек. Бір-бірінің аумағына барған жағдайда көшеде топтасып жүрмей, айқай-шу шығармай, әзілдеспей, бір-бірімен ойнамай, шығып кетіп қалуы керек екен. Ал жаңағындай әзілдестің бе, ала көзіңмен қарап қалдың ба — болды, топтасып төбелеседі. Сосын қылмыстық іс қозғалса, ауыл тұрғындары бір-бірін танитын болғасын бір-бірінің үстінен шағымданбайды, — дейді аудан прокуроры Аманжол Айтуғанов. 

төбелес
Фото: видеодан кадр

Ал, Қарақия аудандық полиция бөлімінің басшысы Аманбек Шалбаев ауыл тұрғындарының тыныштығын сақтау үшін рейд күшейтілгенін жеткізді.

Енді қызметкерлердің санын арттыру мәселесі қаралып жатыр. Сонымен қатар, алдағы уақытта елді-мекенге 60 қа жуық бейнекамера қойылмақ.

Бұған дейін Түркістан облысында жаппай төбелескен жастар бірін-бірі ағашпен аяусыз ұрып-соққанын жазған едік.  

құрық
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар