Маңғыстаулық дәрігерлер жол апатынан ауыр жарақат алған бүлдіршінді аман алып қалды
АҚТАУ. KAZINFORM – Жол-көлік апаты Бейнеу ауданы аумағында болған. 7 жасар қыз ашық ми жарақаты және маңдай сүйегі ішке қарай сынып, ауыр жағдайда Бейнеу аудандық орталық ауруханасына жеткізілген.
Баланың өмірі қыл үстінде болғандықтан, облыс орталығы Ақтау қаласынан санавиациямен дәрігерлер шақыртылды.
— Баланың жағдайы толық тексерілді. Мидың ауыр ашық жарақатын алған. Оң жақтағы фронтальды сүйектер сынған. Маңдай аймағының геморрагиялық контузиясы тағы бар. Субдуральды гематома. Пневмоцефалия. Травматикалық және 3 дәрежелі шок. Бала 1-дәрежелі комада болды. Сағат 23:30 шамасында операцияға алдық. Ота шамамен 2 сағатқа созылды, - дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының нейрохирург дәрігері Ербол Кенжевалов.
Бүгінде бүлдіршіннің өміріне қауіп жоқ. Есін жиды. Әзірше дәрігерлердің бақылауында болады.
2 сағатқа созылған операцияны нейрохирург Ербол Кенжевалов, хирургтер Сұңғат Батыров пен Нұрболат Сүлейменов жасады. Оларға анестезиолог Айбек Нұрмағамбетов, мейірбике Ақжонас Ракашова мен анестезиолог Гүлзада Жарасова көмектесті.