Маңғыстауда фельдшерлер жүкті әйелді жедел жәрдем көлігінде босандырып алды

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстаулық фельдшерлер Күнсия Бекназарова мен Камила Кеулімжаева аяғы ауыр әйелді көлікте босандырып, ана мен баланы аман алып қалды. Мұнайлы ауданы Батыр ауылының тұрғыны жүктіліктің 37 аптасында жедел жәрдем шақырған. Алайда перзентханаға жетпей жолда босанды.

әйел
Фото: Қоғамдық коммуникация орталығы

«Жүктілігі 37-апта болған әйелді жедел жәрдем көлігімен Батыр ауылынан Ақтау қаласындағы облыстық перзентханаға апара жатқанбыз. Жолда кенеттен әйелдің толғағы жиілеп, көлікте босандыруға тура келді. Сәбидің аман-есен дүниеге келуіне көмектестік. Мұндай жағдайда дер кезінде ана мен сәбидің амандығы үшін күш саламыз. Себебі әр минут маңызды», - дейді Мұнайлы ауданы жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшері Күнсия Бекназарова.

әйел
Фото: Қоғамдық коммуникация орталығы

Фельдшерлер жаңа туған нәрестенің кіндігін кесіп, Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» орталығына жеткізген. Бүгінде жас босанған ана да, сәби де мамандардың бақылауында. Жағдайы жақсы. Нәрестенің салмағы – 3 келі 200 грамм, бойы – 52 сантиметр. 

әйел
Фото: Қоғамдық коммуникация орталығы

Бұған дейін Алматылық жүкті әйелдің патрульдік көлікте босанғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар