Маңғыстаулық кәсіпкерлер халыққа қызмет көрсету орталықтарының заңсыз қызметіне шағымданды
АҚТАУ. KAZINFORM – Кәсіпкерлер «Жобаланатын жер учаскесін жылжымайтын мүліктің біріңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесінің графикалық директерімен келісу» мемлекеттік қызметін ала алмай жүргенін айтады.

- Жауап беру тәртібі стандартқа сай 180-бұйрықта көрсетілген. Егер мемлекеттік қызметті беруден бас тартса, нақты себебі көрсетілуі керек. Мысалы, қанша метр сәйкес келмей тұр, шекаралар бір-бірімен қабаттасып кеткен деген сияқты. Бұл – жер учаскесінің шекарасы басқа учаскемен қабаттасып жатыр ма, жоқ па, соны анықтайтын мемлекеттік қызметтің түрі. Біз сол қызметті ала алмай жүрміз. «Азаматтарға арналған үкімет» бұл қызмет түрін беруден заңсыз бас тартып отыр, - дейді жеке кәсіпкер Жандос Қожабаев.
Құқығымыз заңсыз шектелді деген 9 адам кәсіпкерлер палатасына шағымданған. Мамандар бұл мәселеде мемлекеттік стандартқа сәйкес кәсіпкердің сұрауы бойынша құжаттарында қателіктер болса, нақты көрсетіліп, кері қайтарылуы тиіс екенін айтады. Алайда «Азаматтарға арналған үкімет» Маңғыстау облыстық филиалының басшылығы аталған қызметке қатысты өтініштерді қабылдамау туралы шешім шығарған болып шықты.
- Бұл хаттама ешқандай ресми құжатқа немесе нормативтік актіге сүйенбей жасалған. Филиал басшысы құжатты қабылдамау туралы шешімді өз бетінше шығарып, орынбасарына хаттама бойынша ешкімге рұқсат бермеуді тапсырған. Біз бұл жағдайды мұқият тексеріп шықтық, әрекеті ешбір бұйрыққа немесе заңға сай келмейді. Мұнда лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану белгілері де болуы мүмкін. Осыған байланысты қазір барлық құжатты жинап жатырмыз және тиісті құзырлы органдарға ресми хат жолдаймыз, - дейді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Асқар Жақсыбаев.
Ал мемлекеттік қызметті ала алмай жүрген кәсіпкерлердің құжаттары мемлекеттік стандарт бойынша қайта қабылданған.
Бұған дейін, Каспий теңізінің жағалауынан 88 итбалықтың өлексесі табылғаны туралы жазған болатынбыз.