Маңғыстаулық оқушылар ауа райының қолайсыздығына байланысты қашықтан оқиды
АҚТАУ. KAZINFORM — Облыстық білім басқармасы ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгін, 6 қарашада аймақ оқушылары онлайн режимінде білім алып жатқанын хабарлады.
— Өзгерістер тек мектеп оқушыларына ғана емес, студенттерге де әсер етті. Бүгін, 6 қарашада ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақтау, Жаңаөзен, Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған, Мұнайлы аудандарындағы бірінші ауысымдағы сабақтар қашықтықтан оқытуға ауыстырылды. Сондай-ақ, барлық колледждердегі сабақтар онлайн өтуде. Өзгерістер болған жағдайда қосымша хабарланатын болады, — деп хабарлады білім басқармасы.
Айта кетейік, бүгін өңірде дауылды ескерту жарияланды. Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында көктайғақ күтілуде. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Ақтау қаласында солтүстік-батыстан жел соғып, екпіні секундына 15-20 метрге дейін, түнде секундына 23 метрге дейін жетеді.
Бұған дейін, дауылды желден электр сымдары ажырап, Ақтаудың тең жартысы жарықсыз қалғанын жазған болатынбыз.