Маңғыстаулық шаруалар мал азығына субсидия сұрап отыр
АҚТАУ. KAZINFORM – Аймаққа шөптің-80 пайызы ал, жем-100 пайыз өзге өңірлерден тасымалданады. Сондықтан баға қымбат.
Бекі ауылынан 12 шақырым жердегі шаруа қожалығының иесі Сауалбек Жолбергенов қыстың қамын жасап, шамасы келгенше қоймасын жем-шөпке толтырып жатыр. Шаруа 20 келі кебекті-1500 теңгеден, бір түк шөпті 600 теңгеден сатып алуда. Төрт түлігін қыстан алып шығу үшін шамамен 1 мың түк шөп қажет.
— Үкімет жылма-жыл субсидиясын беріп тұрса жақсы болар еді. Былтыр мысалы берді, өзіміз соған едәуір риза болдық. Ал, биыл тоқтап қалды. Қоныс жақсы болса да біз жем-шөп аламыз. Онсыз болмайды. Ауа-райының қалай боларын ешкім білмейді. Сондықтан дайын болу керекпіз, — дейді шаруа.
«Ескелді» шаруа қожалығының иесі Бәлибек Есенгелдиев те жем-шөпке жеңілдік жасалса, шаруаларға үлкен көмек болатынын айтады. Өйткені, мал бағу — шығыны көп кәсіп. Шаруа қожалығындағы басты мәселе — су тапшылығы. Бәлибек Есенгелдиев тіршілік нәрін аудан орталығы Шетпеден тасымалдап отыр. Ол жер асты суын пайдалану үшін, әр метріне 17 мың теңге төлеп, 80 метр тереңдікке дейін құдық қаздырған, алайда су шықпаған.
— Су шықпады, 1 миллион 360 мың теңгем далаға кетті. Сосын енді водовозбен тасымалдап отырмыз. Қысқа қарай күніне бір водовоз, жаз айларында 3 водовоз кетеді. Басқа жер алып, құдық қаздырғым келеді. Бірақ 150 метрден беріде су шықпайтын сияқты. Бұрын құдық қаздырудың 20 процентін шаруа қожалығы, 80 процентін үкімет көмектесіп төлейтін еді. Қазір соны 50 де 50 қылып тастады, ол бізге өте қиын, — дейді Бәлибек Есенгелдиев.
Ауыл шаруашылық министрлігі мал шаруашылығы салаларын дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдос Жақыптың мәлімдеуінше, маңғыстаулық шаруаларға мал азығына субсидия беру жалғасады.
— Мал азығын субсидиялау төтенше жағдай жарияланғанда немесе аномальды табиғи жағдай туындағанда ғана беріледі. Бірақ, осы қағидаға жуырда өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Ұлытау өңірлеріндегі шаруаларға көмек беріле береді. Мысалы, Маңғыстау облысына 1 миллиард 200 миллион теңге субсидия қарастырылған. Оның 392 миллионы былтырғы өтінімдерге. Қалған 800 миллион теңгесіне қазіргі таңда облыс әкімінің қаулысы дайындалып жатыр. Сол қаулы бекітілгеннен кейін субсидия беріледі, — дейді министрлік өкілі.
Бұған дейін, Маңғыстауда итбалықтардың жаппай қырылуына қатысты Экология вице-министрі пікір білдірген болатын.